Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2018

Таразда  ешқандай базар жабылмайды

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен облыс орталығындағы базарлар мен өзге де сауда орындарын қолданыстағы заңнама талаптарына сай ретке келтіру және басқа да ұйымдастыру мәселелері туралы жиын өтті. Аталған жиында ірілі-ұсақты сауда орындарының жай-күйі жан-жақты талқыланды.

Таразда  ешқандай базар жабылмайды

Қазіргі таңда өңірде барлығы 43 сауда базары бар. Оның 29-ы жаңғыртуды қажет етеді.  Ал, бұған дейін 4 сауда орны толық, 6 сауда орны жартылай  жаңғыртудан өтсе, 4 орын қажет етпейтіндердің тізімінде екен. Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжановтың айтуынша, Тараз қаласында 19 сауда базары тіркелген. Оның 17-сі әмбебап, 2-і мамандандырылған сауда нүктелері.

Бүгінде аймақтағы 5 ірі сауда орындарына кешенді тексеріс жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін сауда орындарындағы павильон иелерінің шамамен үштен бірі салық органдарына тіркелмегені анықталған. Базар иелерінен қолдау болмағандықтан тексеріс барысында бірқатар қиыншылықтар кездесуде. Соған орай рейдтік тексеріс бір айға созылмақ. Сонымен қатар, базардың табысы мен шығысын барлау үшін арнайы хронометраж жасалынбақ.

Жиын барысында Асқар Исабекұлы ел ішінде айтылып жүрген  әңгімелердің қисынсыздығын алға тартып, өңірдегі ешқандай базар жабылмайтынын, ондағы сауда жасап күн көріп отырған халықтың жағдайы ескерусіз  қалмайтынын баса айтты. Алдағы уақытта сауда орындарының иелерімен арнайы меморандум жасалмақ.  Ол құжатта  базардағы тазалық, тәртіп, төтенше жағдайлардың алдын-алуға арналған сақтық шаралары мен құрылыс нормаларының сақталуы, өзге де талаптарға сай болуы секілді көптеген мәселелер қамтылмақ. Базардың сыртқы келбеті, базардағы дүңгіршектердегі тауардың қаржылай көлемін нақтылап отыру секілді жайттар да назарға алынады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып, жоспар бекітілмек. Сондай-ақ облыс басшысының қатысуымен тұрақты түрде басқосулар өтіп тұратын болды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы